Toplist

12 11 10
ЖОҒАЛҒАН ӨМІР
0
ЖОҒАЛҒАН ӨМІР.  сериал  отбасы  интернет  физрук  смысл жизни

Блогыма жазбағалы көп болды. Емтихандар ғой. Енді ғана таусылып, бар кеудеммен тыныс алар шақтар да келіп жетті. Емтихан атты тар замандардан қалған таңғы бестік будильниктер мен сан түрлі ескертпе жазбаларды көріп “ух, әйтеуір” деп айтатын кез де келеді екен-ау.

Бір өкінерім, жыл сайынғы “Алтын Домбыра” айтысының дәл қорытынды емтихандар уақытында болатындығы. Неге сәл кешірек жасамайды екен?!
Өз басым айтыс немесе “Әзіл Әлеміне” әмиянымдағы соңғы тиынымды беруге даярмын. Шоуды жақсы көретін халықпыз ғой.
Осы таяуда сол “Әзіл Әлеміне” өзім тыныш қана, ешкімге білдіртпей бара қояйын деп едім, болмады. Себебі сол концерттік видео ютубке шығып, енді жұрттың барлығы менің қай приколда қалай күлгеніме дейін біледі. Со-о-л, күтпеген жерден “звезда” болдым деген осы ғой...

“Әзіл әлемі” болсын, кім болса да, соңғы бір екі жылда әзіл-сықақ театрлардың репертуарынан “Келін” атты үнді сериалы ойып тұрып орын алғанын бәріміз білеміз. Ал енді соларың сол сериалға қанша прикол ұстаса да, қанша “әй, қазағым” десе де, жырқ-жырқ күлкі мен “иә, по-идее дұрыс айтады” дегеннен артық әсер болмағанын түсінеміз. Әлі сол қалпы, теледидар алдындағы ата-әже, әке-шеше, әпке-жезде, аға-жеңгелеріміздің... жоқ жоқ, мен қайтіп жазайын, және бөлек-бөлек...
Асқар тау АТАЛАРЫМЫЗ, әз жүзін әжім басқан ӘЖЕЛЕРІМІЗ, жапырақ жайған бәйтерек ӘКЕЛЕРІМІЗ, табанының астында жәннаттың кілті жатқан, аялы алақан АНАЛАРЫМЫЗ яғни біздің СҮЙІКТІ ОТБАСЫМЫЗДЫҢ телевизорды көп көргендігі сонша, олардың отыратын диваны мен жататын дивандары суып та үлгермей жатқан шығар. Иә, масқара деп осыны айт. Заманымыз сондай, енді қазақтың баласы үшін бір күнінің кем дегенде 4-5 сағатын (аямай!!!) төрт бұрышты қорапқа қарап өткізу үйреншікті болып қалды. Ал дәл сол кезде жастарымыз қайда?! Ооо! Олар да бар екен ғой. Әттең солардың бар екендігін көбісі ата-аналар сериал кезінде ұмытып кететін сияқты. Ал оларың болса уапше бөлек тақырып.

Енді елестетейік. Сериал уақыты. Бірақ реклама басталып кетсе керек, үйдегі үлкендердің біреуі басына ақыл кіріп, барып балам “нестеватыр” деп бөлмесіне бет алады. Ал бала да ақымақ емес, біреудің келе жатқанын біліп ол да, арғы жақтағы болып жатқан сериалын (иә, иә, сериалы, мысалыға “Физрук”, “Общага”, “Дневники вампира” т.с.с.) екі кнопканың көмегімен (ALT+TAB) жасыра қойып, сабағын оқып жатқандай кейіпке енеді. Сол кездегі диалог:
- Балам, сабағың қалай?
- Жақсы, бірақ сәл қиындап кетті...
- Әрине оңай болмайды, “оқу инемен құдық қазғандай” деген мақал бар, бірақ ертең осының жемісін көресің, - деп жаңағы кісі тезірек сөзін аяқтайды (арғы жақта жарнама біткен шығар уже).
Ал бала болса бұл сөзді кезекті үлкендердің шаблон ақылдарынан санап, әрі қарай “өз сабағын” жалғастыра береді.

Сөйтіп отбасының басы қосылатын кез тамақтанған кезде ғана болса керек, и то оған жастарыңды шақырсаң “кейін ішем” дегені бар. өйткені о жақта қызығы енді ғана басталып жатқан сериал, немесе ойын, немесе тағы бір бәле. Бәле! Нағыз бәленің өзі!

Бұл жауапқа ата-анасы “өзі білсін” деп қоя береді. Өйткені оны күтіп қалса, сериалының кезекті санына үлгермей қалады. Масқара деп осыны айт! Жайшылықта өз мекенін тек қабірде көрген “қазақтың пунктуалдылығы” осы жерде көрініс табады. Еее, күлсең кәріге күл емес, осыған күл!

Арғы жақта тамақты кейінге қалдыратындай баласы не істеп жатқаны жайлы тек жақсы ойда табылатын үлкендер оның шаруасына барып араласуды да білмейді. Әдетте көрші үй түгілі қала әкімінің отбасында не боп жатқанын біліп жүрген адамың, бүгінде баланың не тындырып жүргенін білмейді. Біл-мей-ді!!! Міне, кәріге емес, осыған күл! Себебі бұл жақсы ойда табылу емес, “пофигизмнің” нағыз өзі! Балам не істеп жатса да, маған бәрібір дегеннің айғақ дәлелі осы!

Сол себептен көп болса бес метр қашықтықта отырған балаларыңыз не істеп отырғанын бір баяндап берейін. Ол балаңызға “жұрттан қалмасын” деп бағасы бір холодильниктің бағасымен парапар сотка алып беріпсіз. Енді сол не “пайдаға” жарап отырғанын бір ойланып көрдіңіз бе?! Ойлансаңыз да, ойланбасаңыз да ол телефон сіздің балаңыздың абыройына абырой қосумен тоқтамағандығын біліңіз! Сотка, планшет және лимитсіз ғаламтор сіздің балаңыздың “көзін ашып”, “ақыл” үйретуде. Ғаламторға балаңызды қол-аяғымен тапсырған сіз дұрыс жасадыңыз, себебі ендігәрі балаңыз сізден өткен “даналыққа” қол жеткізеді. Балаңыз ақылына “ақыл” қосып қана қоймай, ертең-ақ сізге ақыл үйретеді. Кішкентай алты жасар ұлыңыз сізге баланың қалай дүниеге келетіні туралы сұрақты да қоймайды! Себебі сіз оның қамын ойлап жүргенде “ұлы” ғаламтор сіздің балаңызға соны жақсылап тұрып түсіндірді. Сіздің он жеті жасар балаңыз далаға шықпайды да. Себебі даладағы қызықты ол дегенің компьютерден-ақ көріп отыр.

Мен одан да сорақысын айтайын ба?! Онда құлақ асыңыз! Сіздің балаңызда қазір жөні түзу өмір жоқ! Сенбейсіз бе?! “Жоқ, менің баламда бәрі жақсы” деуден бұрын жақсылап тұрып ойланайық. Балаңыздың өмірі түзу келе жатса, ғұмырының қызығы болып жатса, неліктен ол, ойдан шығарылған жоқ адамдардың өмірі – сериал мен киноға, жоқ әлем – виртуалды әлеуметтік желілерге белшесінен батады?! Ал сіз ше?! Неге сіз, “Келінді” кешіктірмей, өз өміріңіздің бір бөлігі еттіңіз?! Во-о-от!!! Демек сізде де, өзіңіз қалаған, сізді қанағаттандырар өмір жоқ! Сіз ол өмірден қашуға тырысып жатқаныңызды білмейтін де шығарсыз, бірақ ол солай!

Сондықтан да белгілі бір сериалды “жақсы сериал”, “сүйікті сериал” деуден бұрын мұқият ойланыңыз. Себебі ол белгілі бір аурудың диагнозын дұрыс қоюдай маңызды. Дұрыс қойылмаған жағдайда бұл дерттің зардабы санамызды улаумен шектелмей, “хронический” деген дәрежеге жетуі әбден мүмкін. Ал бұдан кейінгісін елестетпей-ақ қойсақ та болады. Өмірден түңіліп, мағынасыз, негізсіз мұңның ағысына батқандар осы күні көп-ақ. Суицидтен еліміздің статистикасы осыған айқын дәлел. Түсінген адам түсінді.

Өмірдің мәнін түсінбегеннен осындай бәлелерге тап боламыз. Әй, кезінде аталарымыз интернетсіз-ақ бақытты болды ғой, сериалсыз-ақ өмірдің қызығын көрді ғой. Неге? Себебі өмірдің мәні біздің қай заманда, қандай жағдайда өмір сүргенімізге қарамайды! Солай емес пе?!

Показать полностью